«ОРГАНИКАЛЫҚ ӨНІМ» ЖӘНЕ «ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗА ӨНІМ» ҰҒЫМЫНЫҢ АРА-ҚАТЫНАСЫ ЖӘНЕ ЗАҢНАМАЛЫҚ РЕТТЕЛУІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ2024-111-i3-010Аннотация
Мақала ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің № AP14870596 «Жайылымдық экожүйелерді ұтымды пайдалану мен қорғауды құқықтық реттеу мәселелері» гранттық жобасы аясында дайындалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қол қойған Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында ел экономикасының, оның ішінде ауыл шаруашылығы секторын тұрақты дамытуға, экологиялық, технологиялық ақпараттық, су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріледі.
«Азық-түлік қауіпсіздігі» «ұлттық қауіпсіздікпен» пара-пар ұғым. «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңының 22-бабына сәйкес «азық-түлік қауіпсіздігі экономикалық қауіпсіздігінің бір бөлігі болып табылады және мемлекет тұтынудың және демографиялық өсудiң физиологиялық нормаларын қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болатын сапалы және қауіпсіз азық-түлiк тауарларына халықтың нақты және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ете алатын экономиканың, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешеннің қорғалу жай-күйін көздейді» делінеді. Анықтамада көрсетілгендей, «сапалы» және «қауіпсіз азық-түлік» өнімдері қазіргі кезеңде еліміздің басқарматылығында басты мәселелердің біріне айналып үлгерді.
Тамақ өнімдерінің ассортименті мен өндірісінің түрлілігінің артуы тұтынутыларға азық-түлік өнімдері өндірісінің жоғарғы сапасы мен қауіпсіздігінің қажеттілігін туындатады. Соңғы кезде ел ішінде өнімнің сапасы, қауіпсіздігі, өнімнің сертификациясы деген түсінік жиі айтылып, тұтынушылардың талаптары ескеріліп, қоғамда тамақтану мәдениеті қалыптасты, экологиялық таза өнімге сұраныс артып келеді. Елімізде бәсекелестіктің артуы өнім сапасының артуына тікелей байланысты.
Экологиялық таза өнім өндірісі елімізде «Органикалық өнім өндіру туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне органикалық өнім өндіру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
Өкінішке орай, Заңда экологиялық таза өнімдерге мемлекеттік стандарттардың болмауының салдарынан және «Экологиялық таза өнім» ұғымына нақты анықтама берілмегендіктен, нарық тауарларындағы «organic», «bio», «halal» және т.б. маркада шығарылатын өнімдердің сапасына тұтынушылардың сенімі болмайды. Елімізде халықаралық стандарттарға сай, экологиялық таза өнімдерді стандарттау және сәйкестік белгісімен сертификаттау нарығын дамыту қажет. Сондай-ақ, өнімдердің сапасын арттыру, өнімді аттестациялау, стандарттау және бақылау жүйесі де мемлекет тарапынан көңіл бөлуді талап етеді.
Мақалада авторлар «экологиялық таза өнім» және «органикалық өнім» ұғымдарына анықтама беріп, олардың заңнамалық тұрғыда реттелуін қарастырады. Экологиялық өнімдердің органикалық өнімдерден ерекшелігін талдай отырып, сапалы тамақ өнімдерін өндірудің маңыздылығы мен мүмкіндіктерін ашып көрсетеді. Сондай-ақ, агроөнрекәсіптік кешен өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қарастырып, азық-түлік нарығы қатынастарын реттейтін заңнамалар мен стандарттарды жетілдіру бойынша ұсыныстар беріледі.
Түйін сөздер: органикалық өнім, экологиялық таза өнім, қауіпсіздік, нарық, сертификат, марка, өнім, өнімнің сапасы.