ӘСКЕРИ ЖАҒДАЙДЫ ЕНГІЗУДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ: КОНСТИТУЦИЯ МЕН ТӨТЕНШЕ ӨКІЛЕТТІКТЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ202511313Аннотация
Әскери жағдай – бұл ұлттық қауіпсіздікке, қарулы қақтығыстарға немесе жаппай тәртіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерге қарсы бағытталған шұғыл қорғаныс шараларының жиынтығы. Аталған режимді енгізу барысында, бір жағынан, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға негізделген конституциялық қағидаттарды сақтау қажеттілігі мен, екінші жағынан, атқарушы биліктің төтенше өкілеттіктерін кеңейтуді талап ететін жағдайлар арасында қайшылықтар туындауы мүмкін. Бұл қайшылықтар құқықтық реттеудің ерекше тетіктерін әзірлеуді және олардың тепе-теңдігін сақтауды талап етеді.
Мақалада әскери жағдай режимін енгізудің құқықтық аспектілері кешенді түрде талданады. Зерттеу барысында конституциялық нормалар мен төтенше өкілеттіктер арасындағы ықтимал қайшылықтар айқындалып, төтенше жағдайлар кезеңінде құқықтық тәртіпті сақтау мен азаматтық бостандықтарды қамтамасыз ету мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар, аталған қайшылықтарды шешудің тиімді тетіктері мен ықтимал құқықтық шешімдер ұсынылады. Мақалада зерттеудің теориялық негіздері мен тәжірибелік ұсыныстары төтенше жағдайлар режимін құқықтық реттеудің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Зерттеудің басты мақсаты – демократиялық құндылықтарды сақтауды және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етумен қатар, төтенше жағдайлар кезеңінде мемлекеттік биліктің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктерді әзірлеу болып табылады. Бұл мәселенің шешімі әскери режим жағдайында билік өкілеттіктерінің теріс пайдаланылуын болдырмай, құқықтық мемлекеттің тұрақтылығы мен құқық үстемдігін қамтамасыз етуде шешуші маңызға ие.
Қорытынды бөлімде ұлттық қауіпсіздік пен азаматтық құқықтардың үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстар мен ықтимал шешімдер жан-жақты талданады. Бұл ұсынымдар әскери жағдай режимін құқықтық реттеудің тиімді құралдарын әзірлеуге және демократиялық қағидаттарға сәйкес азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға бағытталған. Мақалада аталған мәселелердің практикалық және теориялық негіздері ұсынылып, оларды іске асырудың өзектілігі мен құқықтық реттеуге қосар үлесі айқын көрсетілген.
Түйін сөздер: әскери жағдай, конституциялық құқықтар, төтенше өкілеттіктер, құқықтық қақтығыс, құқықтар мен бостандықтарды шектеу, заңнамалық реттеу, диктатураның басқару түрі ретіндегі әскери жағдай, сот бақылауы, парламенттік қадағалау, ұлттық қауіпсіздік, демократиялық принциптер, құқық қолдану практикасы, құқықтық мемлекет, құқықтық сана, құқықтық мәдениет, құқықтық тәртіп.