Отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы қылмыстылықтың себептері мен шарттарын талдаудың кейбір сұрақтары
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ.2022.v103.i3.13Аннотация
ҚР құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында: «Қылмыстық-кұқықтық реттеудің жазалау, қалпына келтіру және алдын алу құралдарының теңгерімділігі маңызды болып табылады. Осы тұрғыда қылмыстық заңнаманың бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге, сотталғандар тарапынан да, өзге адамдар тарапынан да жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алуға барынша бағытталуы артатын болады. Қылмыстық-құқықтық нормалардың санкциясын қалыптастыру кезінде олардың қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен құқық бұзушылық сипатына мөлшерлес болу қағидаты мүлтіксіз сақталуға тиіс» (ҚР құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы).
Тұжырымдаманы жүзеге асыру шеңберіндегі мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан шараларға қарамастан, отбасыны рухани-құлықтылық азғындаудан қорғаудың жеткіліксіз екендігін өмір айқындап беріп отыр. Кез-келген жаңалықтар сайтын ашсаңыз, еліміздің түкпір-түкпірінде жасы толмағандарға, әйелдерге қатысты отбасы ішінде жасалып жатқан зорлық-зрмбылық іс-әрекеттерімен кездесесіз.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы N 214-IV Заңының қабылданып, күшіне енуіне қарамастан тұрмыстық-зорлық-зомбылық мәселесі әлі күнге дейін өткір, өзекті мәселелердің қатарынан түскен жоқ (Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы N 214-IV Заңы). Құқық қорғау органдарының, әртүрлі қоғамдық ұйымдардың, коммерциялық емес ұйымдардың, орталықтардың алдын алу қызметі тиісті нәтижелерге қол жеткізіп отырған жоқ. 150 тәуелсіз қызметтің мәліметі бойынша, 15 жылда аталған қызметке 2,5 млн. қоңырау шалынған. 2020 жылы линияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 3377 қоңырау түскен. 2021 жылғы қоңыраулардың саны 226 455-бірлікті құрайды, олардың 7184 -і 18 жасқа дейінгі балалардан түскен (EL.KZ: https://el.kz/ru/news/obshestvo/kak_zashchitit_detey_ot_nasiliya_/).
Түйін сөздер: тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасы, отбасылық-тұрмыстық қатынастар, қылмыстылық, себеп, жағдай, алдын алу, шаралар жүйесі, мүдделер қақтығы, әлеуметтік жағдай, нарықтық экономика және т.б.