Қылмыстық іс жүргізудің үш буынды модельдің әдіснамалық негіздері (Қазақстан Республикасының материалдары бойынша)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ.2021.v99.i3.04Аннотация
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік биліктің барлық тармақтарына: тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі мәнмәтінінде теңгерімді сақтау, әрбір кезеңде тиімді сүзгілер құру негізінде өкілеттіктерін нақты бөле отырып, қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу туралы тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау уәкілетті органдардан міндеттер кешенін шешуді талап етеді, олар өз жиынтығында «полиция – прокурор – сот» жүйесінің тиімді жұмыс істеуі үшін тиісті жағдайлар жасауға ықпал етуі тиіс. Мұндай модельдің негізінде экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің тәжірибесі байқалып отыр. ҚР Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаев айтқандай, мұндай модельдің басты артықшылығы айыптауды әлсірету және қылмыстық сот өндірісіне заңсыз араласудың алдын алу болып табылады. Зерттеудің мақсаты қылмыстық іс бойынша өндірістің еуропалық моделін Қазақстанның қылмыстық процесіне енгізудің әдіснамалық негіздерін белгілеу болып табылады. Зерттеу идеясы: қылмыстық іс жүргізудің ұлттық моделі еуропалық модельге жақын болуы керек, бірақ оның көшірмесі болмауы керек. Жұмыстың ғылыми маңыздылығы: қылмыстық процестің қазақстандық моделін еуропалық модельге заңды бейімдеу үшін ғылыми алғышарттарды қалыптастыру. Практикалық маңыздылығы: ҚР қолданыстағы ҚПК-не өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін ұсыныстар тұжырымдау. Зерттеу әдістемесі: құқықтық нормаларды логикалық-құқықтық талдау, компаративистика, құқықтық феноменді құқықтық құбылыстарға айналдыру процестеріне диалектикалық көзқарас әдістерінің жиынтығы. Жүргізілген зерттеудің құндылығы: қылмыстық процестік құқығы саласындағы проблемаларды зерттеу әдіснамасындағы жекелеген олқылықтардың орнын толтыру. Зерттеу нәтижелері практикалық бағытқа ие және қолданыстағы ҚПК нормаларын жетілдірумен байланысты құқық шығармашылық қызметте пайдаланылуы мүмкін.
Түйін сөздер: қылмыстық процестің үш буынды моделі, әдіснамасы, конституциялық құқығы, қылмыстық процестегі адам құқықтарын қорғау.