САҚТАНДЫРУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТАБИҒАТЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕГІ ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕР
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ1171202612Аннотация
Бұл мақала нарықтық қатынастардың трансформациясы және интеграциялық үдерістер жағдайында сақтандыру құқығының даму перспективаларын зерттеуге арналған. Ғылыми зерттеудің мақсаты – халықаралық интеграция жағдайында қазіргі нарықтық қатынастардың даму ерекшеліктерін ескере отырып, сақтандыру құқығының негізгі даму бағыттарын айқындау.
Мақалада сақтандыру құқығының кешенді құқық саласы ретінде қалыптасып жатқандығы туралы жазылған. Оның дәлелі ретінде автор сақтандыру құқығын кешенді құқық саласы ретінде сипаттауға мүмкіндік беретін белгілерге тоқталады. Сонымен қатар мақалада сақтандыру қатынастарында орын алатын диспозитивтік және императивтік әдістердің қолданылу ерекшеліктері айқын көрсетілген. Зерттеудің өзектілігі - сақтандыру құқығының даму перспективаларын қазіргі нарықтық қатынастардың трансформациясы және халықаралық интеграциялық үдерістер жағдайында қайта пайымдау. Теориялық қағидалар мен қолданыстағы сақтандыру заңнамасы жүйесіне кешенді талдау жүргізу арқылы Қазақстан Республикасының құқық жүйесіндегі сақтандыру құқығын одан әрі дамытудың басым бағыттары айқындалды. Одан бөлек, автор сақтандыру құқығы теориясының мәселелерін қарастырған әртүрлі ғалымдардың, оның ішінде посткеңестік кеңістіктегі құқықтанушы-ғалымдардың пікірлері мен тұжырымдамаларына жан-жақты зерттеу жүргізді.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы алынған нәтижелерді сақтандыру құқығы саласындағы болашақ ғылыми ізденістерге пайдалану мүмкіндігімен айқындалады. Практикалық маңыздылығы сақтандыру құқықтық қатынастары саласындағы зерттеу бағыттарын жүйелеу және сақтандыру құқығының теориялық ережелерін жетілдіру болып табылады.
Түйін сөздер: халықаралық интеграция, сақтандыру заңнамасы, сақтандыру қатынастары, сақтандыру құқығы, сақтандыру қызметі, сақтандыру құқығының пәні, сақтандыру шарты.
