ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ2025116410Аннотация
Кез-келген мемлекеттің экономикалық дағдарысы мен төтенше жағдайлар отбасы институты мен рухани құндылықтардың құлдырауына әкеледі. Баршамызға белгілі, 2019 жылы дүниежүзін жаулаған covid пандемиясы әлемдік экономиканың тұрақсыздығына, адам баласының өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік стратификациясының төмендеуіне, өскелең ұрпақтың мәдени өмірінің өзгеруіне әкелді. Салдарынан халықтың құқықтық, экономикалық, моральдық тұрақсыздығы отбасылық қатынастардың, ерлі-зайыптылардың ата-ана мен бала арасындағы қатынастардың бұзылуына септігін тигізді. Қоғамда агрессорлар көбейіп, ересектердің балаларға физикалық, сексуалдық, эмоционалдық зорлық-зомбылық, қатыгездік көрсетуі жиілей түсті.
Балаларға зорлық-зомбылық, қатыгездік көрсету - әлемдік проблемалардың біріне айналды. Зорлық-зомбылық баланың өмірі мен денсаулығына ғана қауіп төндіріп қана қоймай, тұтас мемлекеттің болашағына зиянды әсер етеді. Мемлекеттің даму деңгейі әлеуметтік топтарға деген қарым-қатынасына қарай бағаланады. Қазіргі таңда жылына шамамен 1 миллиард бала зорлық-зомбылық құрбанына айналуда. Зорлық-зомбылық құрбандарының басым бөлігін әлеуметтік аз қамтылған, қараусыз қалған отбасылардың балалары құрайды. Баланың өзіне сенімсіздігі және жас ерекшелігіне де байланысты зорлық-зомбылық құрбанына оңай айналады. Зорлық-зомбылықсыз қоғам орнату үшін қылмыскерлерді жазалау жеткіліксіз, қылмыс жасырын күйде қалмауы тиіс, күрес ашық жүргізілуі керек, ол үшін әрбір азамат зорлық-зомбылыққа төзбеуі тиіс.
Авторлар ғалымдардың ғылыми докториналарына, сот практикасына және Жоғарғы Соттың қаулыларына сүйеніп, балаларға зорлық-зомбылықтың алды алу шараларын, жаза қолдану тәртібіне назар аударады. Балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жауапкершіліктің жекелеген түрлері зерттелді. Авторлар кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық, буллинг, қатыгездік қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту жасы – 14 жас деп таниды және оған ғылыми тұрғыда дәйектей білген. Сондай-ақ, отбасы және азаматтық процестік кодексінде балалардың яғни кәмелетке толмаған талап қоюшының процессуалдық мәртебесін, сотқа жүгіну және адвокаттың тегін заң көмегіне жүгіну құқығын, кәмелетке толмағандардың құқықтарының бұзылу фактісін дәлелдеу міндетін көздейтін нормалармен толықтыруды ұсынады. Зерттеу нәтижесінде «балаға қатыгездік көрсету» ұғымына авторлық анықтама беріледі.
Ғылыми мақала BR 27882414 «Зорлық-зомбылық құрбаны болған балаларды қолдау және оңалту бағдарламасы: ресурстық модульді орталықтар желісін тәжірибелік енгізу» жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитеті қаржыландырған 2023-2025жж. арналған ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламаларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде дайындалған.
Түйін сөздер: бала, баланың құқықтары, зорлық-зомбылық құрбаны, буллинг, балаға қатыгездік көрсету, қылмыстық жауапкершілік, тұрмыстық зорлық-зомбылық.
