СОТ САРАПТАМАСЫН ЦИФРЛАНДЫРУ: ДӘЛЕЛДЕУДІҢ САПАСЫНА ЫҚПАЛЫ ЖӘНЕ ПРОЦЕССУАЛДЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕР
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ1171202615%20Аннотация
Аннотация. Қазіргі уақытта белсенді түрде енгізіліп жатқан қылмыстық сот ісін жүргізуді цифрландыру сот-сараптамалық қызметке терең ықпал етіп, оның мазмұны мен сараптамаларды жүргізу әдістемесіне тікелей әсер етуде. Соның нәтижесінде сарапшы қорытындысының дәлелдеме ретіндегі маңызы да өзгеріске ұшырады. Осыған байланысты сот сараптамасын цифрландыру жағдайында дәлелдеудің сапасын қамтамасыз ету және процессуалдық тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған ғылыми әрі практикалық мәселелер ерекше өзектілікке ие болып отыр.
Аталған мақалада сот сараптамасының экспертологиясы тұрғысынан қылмыстық істер бойынша дәлелдеудің сапасына цифрландырудың ықпалы кешенді түрде зерттеліп, осы үдеріс барысында туындауы мүмкін процессуалдық тәуекелдерге баса назар аударылады. Сонымен қатар, сот сараптамасын цифрландыру қағидаттарын жалпы сараптамалық зерттеу рәсіміне де, сот сараптамасының жекелеген түрлеріне де қолдануға болатын дербес теориялар ретінде жіктеудің негіздемесі ұсынылады. Зерттеуде сот-сараптамалық практика шеңберінде цифрлық іздерді зерттеудің құқықтық және криминалистикалық маңызы қарастырылады. Әсіресе олардың қалыптасу тетіктеріне, дәлелдемелік күшіне, сондай-ақ цифрлық іздер мен ақпарат тасымалдағыштарды сот сараптамасының объектілері ретінде жіктеу мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Зерттеу барысында сот-сараптамалық әдістерді алгоритмдендіру және цифрландыру проблемаларына, соның ішінде жасанды интеллект пен нейрондық желілерді қолдану мәселелеріне айрықша көңіл бөлінеді. Цифрлық технологияларды енгізу сараптамалық әдістемелерді әзірлеудегі дәстүрлі тәсілдерге елеулі өзгерістер әкелетіні, дәлелдеудің сапасына ықпал ете отырып, белгілі бір процессуалдық тәуекелдердің туындауына себеп болуы мүмкін екені көрсетіледі.
Зерттеудің ғылыми маңыздылығы сот сараптамасын цифрландыру жағдайында сарапшы қорытындысының дәлелдемелік мәртебесін теориялық тұрғыдан қайта пайымдаумен және сот-сараптамалық экспертологияның дербес теорияларын дамытуға қосқан үлесімен айқындалады. Ал практикалық маңыздылығы алынған нәтижелерді сот-сараптамалық қызметті құқықтық реттеуді жетілдіруде, сараптамалық әдістемелерді әзірлеуде және цифрлық сот сараптамаларын жүргізу кезінде туындайтын процессуалдық тәуекелдерді төмендетуде қолдану мүмкіндігімен сипатталады.
Мақалада дәлелдеудің сапасын арттыру әлеуетімен қатар, сот сараптамасын цифрландырудың жеткіліксіз құқықтық регламенттелуі елеулі процессуалдық қатерлердің туындауына әкелуі мүмкін екені негізделіп, осы салада кешенді ғылыми әрі нормативтік тәсілді қалыптастырудың қажеттілігі айқындалады.
Кілт сөздер: сот сараптамасы, цифрландыру, сарапшы қорытындысы, дәлелдеудің сапасы, процессуалдық тәуекелдер.
