ФИТОСАНИТАРИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ202511537Аннотация
Цифрлық технологиялардың әлеуметтік-экономикалық өмірдің негізгі салаларына жылдам ену жағдайында Қазақстан Республикасы фитосанитариялық қауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарау міндеті алдында тұр. Бұл зерттеудің мақсаты – цифрлық трансформация ерекшеліктерін ескеріп, қолданыстағы заңнаманы жаңартуға бағытталған ғылыми негізделген құқықтық шешімдерді әзірлеу.
Қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны талдау цифрлық құралдарды фитосанитариялық қауіпсіздік саласында толыққанды қолдануға кедергі келтіретін сәйкессіздіктер мен заңнамалық олқылықтардың бар екенін анықтады. Халықаралық тәжірибені зерттеуге және Қазақстанның электрондық фитосанитариялық сертификаттар – IPPC e-Phyto халықаралық жүйесіне қосылу мүмкіндігін бағалауға ерекше назар аударылды. Бұл цифрлық құжаттардың халықаралық деңгейде мойындалуына және сыртқы саудадағы рәсімдердің оңайлауына маңызды қадам болып табылады.
Зерттеудің әдіснамалық негізі салыстырмалы-құқықтық талдау, құқықтық модельдеу және нормативтік тәуекелдерді болжауға негізделген. Зерттеу нәтижесінде анықталған кедергілерді жоюға бағытталған бірқатар практикалық ұсыныстар жасалды, соның ішінде электрондық сертификаттарды қолдануды нормативтік бекіту, жеке деректерді құқықтық қорғауды қамтамасыз ету, аграрлық аймақтарда цифрлық инфрақұрылымды дамыту және ауылшаруашылық саласының өкілдері арасында цифрлық сауаттылық деңгейін арттыру. Зерттеу қорытындылары Қазақстанның аграрлық секторындағы құқықтық реттеуді цифрлық трансформациялау стратегиясын әзірлеуге негіз бола алады.
Түйінді сөздер: цифрлық трансформация, фитосанитариялық қауіпсіздік, құқықтық реттеу, электронды фитосанитариялық сертификаттар, цифрлық инфрақұрылым, деректерді қорғау, цифрлық сауаттылық.
