ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНДЕ АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ КЕПІЛДІКТЕРІ: ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН МЫСАЛЫНДА
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ2024.112.i4.a8Аннотация
Мақалада Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасында адвокатураның тәуелсіздігін қамтамасыз ету жайлы халықаралық стандарттарға талдау жүргізіледі. Адвокаттардың заңмен қорғалатын құпияға қол жеткізу және іс жүргізу әрекеттеріне қатысу құқығы - өзекті мәселелердің бірі. Авторлар мақалада адвокаттарға қылмыстық және азаматтық процесте заңмен қорғалатын құпиямен танысуға мүмкіндік беруді ұсына отырып, адвокаттардың қажетті материалдарға қол жетімділігін жақсарту үшін адвокаттардың өтініштерін қарау мерзімдері бойынша түзетулер енгізу қажет деп есептейді. Сондай-ақ, кәсіби қызметі барысында адвокаттардың құқықтарын қорғауға кепілдік етудің маңызы ерекше, ал бұл олардың міндеттерін тиімді орындауға негіз болады. Зерттеу нәтижесінде заңның үстемдігі мен азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін адвокатура тәуелсіздігінің маңыздылығын көрсететін теориялық тұжырымдар мен қорытындылар ұсынылды. Авторлар Халықаралық заңгерлер комиссиясының (ICL) ұсынымдарына сәйкес Орталық Азиядағы адвокаттар мен адвокаттар алқаларының тәуелсіздігін нығайту қажеттігін атап көрсетеді. Олар заңгерлердің өздерінің кәсіби міндеттерін заңсыз ықпалсыз атқаруын қамтамасыз ету үшін тиімді құқықтық және практикалық шараларды қабылдаудың маңыздылығын атап өтеді. Мақалада адвокаттардың ақпаратты, оның ішінде мемлекеттік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды қамтитын ақпаратты алу құқығын реттейтін заңнамалық нормалар қарастырылған. Авторлар Өзбекстан Республикасының заңнамасында бекітілген адвокаттық қызметтің негізгі принциптерін, соның ішінде адвокаттың тәуелсіздігі мен кәсіби этика нормаларын сақтауын талдайды.
Қорытындылай келе, мақалада адам құқықтарын қорғау жүйесінің ажырамас элементі ретінде адвокаттардың тәуелсіздігі туралы халықаралық құқықтық стандарттар маңыздылығы көрсетілген.
Түйін сөздер: адвокат, адвокаттық құпия, процессуалдық тәуелсіздік, құқықтарды қорғау, адвокат иммунитеті, сот процестеріне қатысу, халықаралық стандарттар.