Мемлекет қауіпсіздігі саясаты векторындағы реализм және либерализм идеялары
Аннотация
«Қауіпсіздік» санаты адам болмысы мен санасының негізгі аспектілерін, сондай-ақ адамдар құрған қоғам мен мемлекет секілді жоғары әлеуметтік жүйелердің функциясын көрсетеді. Қазіргі әлемде байқалатын қақтығыстар, реализм және либерализм атты мемлекеттің қауіпсіздік саясатындағы екі жетекші идеологиялық тұжырымдамалардың соқтығысына негізделген, бұл түрлі нысандар арқылы жеке және қоғамдық санаға көшіріледі. Зерттеудің мақсаты – либерализм мен реализм туралы білімдерді жинақтау және жүйелеу. Бұл адамның ағымдағы болып жатқан оқиғаларды терең және тұтас түсінуіне, қауіпсіздік саласындағы өзінің көзқарасын және саяси мәдениетін дамытуға ықпал етуі керек. Мақалада реализм мен либерализмнің негізгі ойпікірлерінің генезисі және олардың қазіргі жағдайы мен даму тенденциялары талданады. Зерттеу нәтижелері ретінде тиісінше тұжырымдамалық көзқарастардың ең маңызды айырмашылықтары мен ұқсастықтары, мемлекеттік құрылыс туралы ғылымы мен тәжірибесіндегі әдістемелерді жинақтау көрсетілген. Қазақстан ішкі саясат мәселелерін шешуде классикалық либерализм идеялары негізінде жүзеге асырады, ал сыртқы саясаттағы басты бағыттары неореалистік парадигмаға негізделеген болып табылады деген қорытынды жасалды. Мақала «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің әдіснамалық негіздері: жүйелік тұрғы» (АР05136053) гранттық ғылыми жобасы аясында дайындалған. Түйін сөздер: реализм, либерализм, кауіпсіздік саясаты.