Ағылшын шарттық құқығындағы лицензиялық шарт
Аннотация
Зерттеу тақырыбы ағылшын шарттық құқығындағы лицензиялық шартты талдауға арналған. Осы мақаланың мақсаты ағылшын құқығындағы лицензиялық шарттың түсінігін және құқықтық табиғатын анықтау және ағылшын құқығының ережелерін талдау негізінде қазақстандық заңнаманы жетілдіру мүмкіндіктерін табу болып табылады. Осы мақсаттар үшін автор англо-саксондық құқықтық жүйедегі «лицензиялық шарт» ұғымын талдайды, Ұлыбританияда зияткерлік меншік құқықтарын лицензиялаудың құқықтық негіздерін қарастырады. Сондай-ақ, осы мақалада Ұлыбритания заңнамасы бойынша лицензиялардың түрлері, лицензиялық шарттың нысаны және мазмұны, лицензиялық төлемдердің түрлері және лицензия бағасына әсер ететін факторлар туралы жалпы мәлімет беріледі. Жүргізілген талдаудың негізгі нәтижелері ағылшын құқығындағы лицензиялық шартты «зияткерлік меншік иесі (лицензиар) және екінші тарап (лицензиат) арасындағы зияткерлік қызмет объектісін белгілі бір әдіспен пайдалануға рұқсат беру туралы келісімі» деп анықтауға мүмкіндік береді. Ұлыбритания заңнамасы бойынша лицензиялық шарт мазмұнының ерекшеліктері анықталды. Сондай-ақ, лицензияланған өнімнің сапасын бақылау және шарт жасаудың құпиялылығы туралы шарт ережелері қарастырылды. Осыған байланысты жүргізілген зерттеу теориялық жағынан құнды, себебі ол ұлттық заңнамада, атап айтқанда зияткерлік меншік саласында ағылшын құқығы нормаларын қабылдау және қолдануы кезінде туындауы мүмкін мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Түйін сөздер: зияткерлік меншік құқықтарын лицензиялау, лицензиялық шарт, зияткерлік меншік, ағылшын шарттық құқығы, зияткерлік меншік туралы Ұлыбритания заңнамасы, айрықша лицензия, патенттер, тауар белгілері.