ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ202511316Аннотация
Ақпараттық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің бір жүйесін құрайтын заңмен қорғалатын ақпаратты қорғауды, сондай-ақ, әкімшілік, ұйымдастырушылық, тәрбиелік және құқықтық сипаттағы тиісті шаралар жүйесін қамтитын кешенді міндет деп танылады. Ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде ақпараттық қауіпсіздік мәселесі қоғамның кез-келген саласында деректерді өңдеу мен есептеу жүйелерінің ену процестерімен үнемі күрделене түсуде. Жеке адамның ақпарат саласындағы мүддесі демократияны нығайтуға, әлеуметтік қоғамның құрылуына, жеке тұлғаның ақпарат саласындағы мүдделерін қамтамасыз етуге және Қазақстанның рухани жаңаруына ықпал етеді. Ал, мемлекеттің мүддесі Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығынан, саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрлаулылығынан, сондай-ақ, адам мен азаматтың конституциялық құрылыстың бұзылмастығын сақтау үшін ұлттық ақпарат инфрақұрылымының жүйелі түрде дамуына мейілінше мүмкіндіктер жасаудан тұрады.
Десе де, ақпараттық қауіпсіздік проблемалары әлемдік проблема екенін ескерсек, Қазақстан Республикасында ақпараттық майдан, ақпараттық қару, ақпараттық қауіп-қатер, ақпараттық теңсіздіктер, ақпараттық-психологиялық қауіпсіздік, ақпараттық-энергетикалық қауіпсіздік ақпараттық-экономикалық қауіпсіздік, мәселелері зерттеліп нәтиже таппаған. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ақпараттық кеңістігін қалыптастыру, киберқылмысқа қарсы күрес, ақпараттық ресурстар мен желілерді қорғау негізінде жүйелі құқықтық реттеуді қажет етеді.
Мақалада авторлар Қазақстан Республикасында сапалы жаңа әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастарды қалыптастыру және дамыту жағдайында ақпараттандырудың маңыздылығын ескере отырып, оның халықаралық ақпараттық-электрондық кеңістікке енуі, ақпарат субъектілерінің мүдделерін қорғау мәселесін зерделейді.
Түйін сөздер: ақпараттық қауіпсіздік, қауіпсіздік, ақпараттық және электрондық кеңістік, халық шаруашылығы, ақпаратқа қол жеткізу құқығын қорғау, ақпараттық жүйені қорғау, ақпараттандыру.