Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша экологиялық құқық бұзушылықтарды тергеу барысында арнайы білімді қолданудың процессуалдық нысандары
Аңдатпа
Аталған мақалада авторлар Қазақстандағы арнайы білім институтына қатысты қылмыстық іс жүргізу заңнамасының даму тенденциясын ашқан. Авторлар арнайы білімді, арнайы ғылыми білімді қолданудың барлық процедурасы құқықтық реттелетіндігін атап көрсеткен. Заң шығарушы арнайы білімді жүзеге асырудың мақсатын, міндеттерін, субъектілерін, сондай-ақ осы үдеріске тартылатын субъектілердің құқықтары мен міндеттерін анықтайды. Ғылыми әдебиеттерде субъектілерге кімдердің жатқызылатындығы туралы пікір-таластар жоқ, дегенмен де авторлар кеңес заманының өзінде-ақ қорғау тарапынан сараптама тағайындау немесе маманға жүгіну құқығын беру туралы ұсыныстар жасағандығын көрсетеді. Бұл ұсыныс сот әділдігінің мақсаттары – ақиқатқа жету, жарыспалылық қағидасын жүзеге асыру және т.б. мүмкіндіктерімен айқындалған. Заң шығарушы бұл ұсыныстарды ескерген. ҚР ҚПК-ның 117 бабында тараптардың мамандарға жүгіну құқығы көрсетілген, олар 117 баптың талаптарына сәйкес зерттеулер жүргізеді, рәсімдейді және зерттеудің нәтижелері дәлелдеме ретінде басқа да дәлелдемелердің түрлерімен бірдей қабылданады. Сонымен қатар авторлар экологиялық құқық бұзушылықтардың мән-жайларын дәлелдеу кезінде сот сараптамасын пайдаланудың мәселелеріне ерекше назар аударады. Сот экологиялық сараптамасының «пән», «міндеттер», «сұрақтар» түсініктерінің мазмұны талданады, қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес сот сараптамасын тағайындауға, сарапшыға жіберілетін материалдарды дайындауға құзыретті субъектілердің классификациясы берілген. Мақаланың соңында авторлар сот тәжірибесін талдау негізінде Қазақстанда сот экологиялық сараптамасы классы қалыптасып жатқаны және тәжірибеде сот сараптамасын тағайындау, материалдарды сарапшыға ұсыну кезінде және басқа да шешілуі тиіс мәселелер туындайтынын атап өтеді. Түйін сөздер: Қазақстан Республикасы, қылмыстық процесс, маманның кеңес беруі, сараптама, идентификация, диагностика, сарапшы, маман, қорытынды.
