Түркістан АССР-інің сот жүйесі
Аңдатпа
Мақалада 1918 жылы 30 сәуірде құрылған Түркістан Кеңестік Социалистік Республикасының басқару жүйесінде ерекше орны мен маңызы бар Сот органдарының қалыптасуы мен қызметінің ерекшеліктері қарастырылады. Кеңес өкіметінің орнауы Түркістан өлкесінде сол уақытқа дейін қызмет етіп келген сот мекемелерін, атап айтқанда округтік соттар, сот палаталары мен барлық әскери соттардың қызметтері тоқтатылды. Олардың орнына демократиялық жолмен сайланатын соттар қызмет ететін болды. Реформаға сәйкес төменгі сот жүйесінің негізін участкелік мировой соттар құрады. Бастапқыда участкелік мировой соттардың қызметін жергілікті кеңестер, атап айтқанда аудандық және облыстық, ал олар болмаған жағдайда уездік, қалалық және облыстық Жұмысшылар, Солдаттар мен Шаруалар депутаттарының Кеңесі атқарды. Түркістан Республикасының сот жүйесінің дамуы, бастапқыда өлкеде ғасырлар бойы қалыптасқан шариғат және билер сотының Ресей Империясы ұсынған саясаттың арқасында бірте-бірте өзінің әсерін жоюы және Ресей енгізген жаңа сот жүйесінің әркет етуі, кейінгі кезеңде өлкеде Кеңес өкіметінің орнауы мен оның одан әрі дамуымен тығыз байланыста болды.
Түйін сөздер: басқару жүйесі, сот органдары, әдет-ғұрып, атқару комитеті, заң шығару қызметі, сот әділдігі.
