ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЗАҢНАМАСЫНДАҒЫ ТҮЗЕУ ЖҰМЫСТАРЫ: МАЗМҰНЫ ЖӘНЕ ЖАЗАЛАР ЖҮЙЕСІНДЕГІ ОРНЫ
Аңдатпа
Мақалада Қазақстан Республикасының жаңартылған қылмыстық заңнамасындағы түзеу жұмыстары түріндегі жазаның құқықтық реттелу деңгейі талданады. Автор түзеу жұмыстарының жазалаушылық мазмұнындағы негізгі екпін мүліктік шектеулерге түсіп, мәжбүрлі еңбекке тартудың екінші кезекке ығысуы оның айыппұл түріндегі жазаға ұқсастығын арттырады деген ой қорытады. Соның нәтижесінде түзеу жұмыстарын «бөліп төленетін айыппұл» деп атап, оның жазалар жүйесіндегі орнын еңбекпен ықпал етумен байланысты мүліктік жаза деп сипаттайды. Түзеу жұмыстарына сотталған адамның еңбегі үшін сыйақы алу құқығы, еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығы да шектелетіндіктен, ғалым түзеу жұмыстары құқықтық шектеулердің сипаты бойынша айыппұлмен салыстырғанда қаталырақ жаза болып табылатынын негіздейді.
Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны құқықтық реттеуді жетілдіру үшін мақала авторы бұл жазаға сотталған адамның негізгі жұмыс орнын анықтау жолдарын, түзеу жұмыстарының мөлшері мен сотталған адамның жалақысының (ақшалай үлесінің) ай сайын мемлекет кірісіне аударылатын бөлігін анықтағанда басшылыққа алынуы тиіс жіктерді ұсынады. Ювеналдық жазалардың тізімінде аталған түзеу жұмыстарын құқықтық реттеудегі елеулі олқылықты жою жолы ретінде кәмелетке толмағандар үшін көзделген түзеу жұмыстарының мөлшерін олардың қылмыс немесе қылмыстық теріс қылық үшін тағайындалғанына тәуелді етіп бекітуді ұсынады.
Түйін сөздер: жаза, жазалар жүйесі, негізгі жазалар, түзеу жұмыстары, айыппұл, мүліктік жазалар, еңбекпен ықпал етумен байланысты жазалар, мәжбүрлі еңбек, негізгі жұмыс орны, жаза мөлшері.
