ТҰРАҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫ АЯСЫНДА ІЛЕ ӨЗЕНІН ҚЫТАЙ МЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ПАЙДАЛАНУЫН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ200411826Аңдатпа
Мақаланың мақсаты – БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары аясында Іле өзенінің су қорларын Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында бірлесіп пайдалану мен қорғаудың халықаралық-құқықтық негіздерін зерттеу және оларды жетілдіру бағыттарын айқындау. Зерттеудің өзектілігі трансшекаралық су қорларының Қазақстанның су қауіпсіздігі мен Балқаш көлінің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызымен байланысты.
Зерттеу барысында формальды-заңдық, салыстырмалы-құқықтық және жүйелі талдау әдістері қолданылды. Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы халықаралық шарттар мен ынтымақтастық тетіктері талданды. Зерттеу нәтижесінде Іле өзенінің су қорларын бірлесіп басқарудың құқықтық негіздері, мемлекеттердің халықаралық міндеттемелері және екіжақты ынтымақтастықты дамыту қажеттілігі айқындалды. Сонымен қатар, су қорларын әділ әрі ақылға қонымды пайдалану, гидрологиялық ақпарат алмасу, экологиялық мониторинг жүргізу және трансшекаралық экологиялық тәуекелдердің алдын алу тетіктерін жетілдірудің маңыздылығы негізделді. Мақала соңында авторлар зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, Іле өзенінің суын ортақ пайдалануға байланысты болашақта жасалатын келісімде негізге алуға қажет қорытындылар жасайды.
Зерттеудің ғылыми және тәжірибелік құндылығы Қазақстан мен Қытай арасындағы су саласындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды әзірлеумен айқындалады. Мақала материалдары трансшекаралық су қорларын құқықтық реттеу мәселелерін одан әрі ғылыми зерттеуде және халықаралық ынтымақтастық тетіктерін дамытуда пайдаланылуы мүмкін.
Түйін сөздер. Трансшекаралық су қорлары, халықаралық су құқығы, тұрақты даму мақсаттары, су қауіпсіздігі, экологиялық қауіпсіздік.










