ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ ЖАҒДАЙЫНДА ДЕРБЕС ДЕРЕКТЕРДІ ҚЫЛМЫСТЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ118220262Аңдатпа
Зерттеудің өзектілігі Қазақстан Республикасында цифрлық трансформацияның жеделдеуімен және дербес деректердің цифрлық сервистерде, платформаларда, цифрлық сәйкестендіру жүйелерінде әрі жасанды интеллектке негізделген технологиялар арқылы кең көлемде өңделуімен айқындалады. Дербес деректердің айналымы заңнамада нақты ұғымдық аппарат арқылы бекітілгенімен, цифрлық сервистер мен онлайн-платформаларда дербес деректерді заңсыз жинау және (немесе) таратудың жаңа нысандары мен тәуекелдері, сондай-ақ олардың цифрлық ортада жасалу ерекшеліктері күшейіп отыр. Атап айтқанда, дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылуы, санкцияланбаған қол жеткізу, деректердің заңсыз таралуы сияқты құқыққа қайшы әрекеттермен қатар, автоматтандырылған өңдеу нәтижесінде тұлғаға қатысты бағалау сипатындағы қорытынды жасауға мүмкіндік беретін деректерді бейіндеу (профилинг) практикасының белсенді қолданылуы қылмыстық-құқықтық қорғау тиімділігін қайта бағалауды талап етеді.
Зерттеудің мақсаты – Қазақстан Республикасында цифрлық трансформация жағдайында дербес деректерді қылмыстық-құқықтық қорғаудың өзекті мәселелерін айқындау, сондай-ақ құқық қолдану практикасын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеу. Зерттеу барысында жүйелік тәсіл және жалпығылыми әрі арнайы құқықтық әдістер кешені қолданылып, ұлттық нормативтік-құқықтық актілерге, халықаралық стандарттарға және ғылыми әдебиеттерге шолу жүргізілді.
Зерттеу нәтижелері құқық қорғау органдары қызметінде, құқық қолдану практикасын біріздендіруде және қылмыстық-құқықтық нормаларды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды ғылыми тұрғыдан негіздеуде пайдаланылуы мүмкін.
Бұл зерттеу BR27101389 «Қазақстан Республикасының заңнамасын оңтайландыру және оның тиімділігі мен ашықтығын арттыру мақсатында заң шығару процесіне жасанды интеллект құралдарын енгізу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылды.
Түйінді сөздер: дербес деректер, жасанды интеллект, цифрлық трансформация, ақпараттық қауіпсіздік, deepfake, цифрлық сәйкестендіру.










