Қылмыстық заңнама және қағидалар мәселелері
DOI:
10.26577/JAPJ.2020.v93.i1.16Аңдатпа
Мақала тақырыбы қазіргі таңдағы өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. Қылмыстық
заңнама және қылмыстық құқық қағидаттары бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Заң
әдебиеттерінде аталған тақырыпқа байланысты көптеген даулы пікірлер бар. Мақалада авторлар
Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын қылмыстық құқықтың қағидаттары
саласында жетілдіру мәселесін зерделеп отыр. Көптеген елдердің тәжірибесін талдай отырып,
қылмыстық құқықтың қағидаттары бірқатар мемлекеттердің Қылмыстық кодекстерінде заң
тарапынан бекітілгенін байқауға болады. Қазақстан Республикасында бұл мәселе теория
деңгейінде талқыланып, қазіргі уақытқа дейін заң жүзінде бекітілуін таппаған. Қылмыстық
құқық қағидаттарында қоғамның өркениеті мен мәдениетінің деңгейі айқын көрініс табады.
Қылмыстық заң негізделетін қағидаттарға сәйкес, жеке тұлғаның мемлекет үшін маңыздылық
дәрежесін анықтауға болады. Қылмыстық құқықтың қағидаттары ретінде, жалпыға ортақ адамзат
құндылықтарын көрсететін, сондай-ақ бүтіндей оның мазмұнын және жеке институттарының мәнін анықтайтын қылмыстық заңда қарастырылған негізгі идеялар ретінде түсіну қажет.
Қағидаттар қылмыстық құқықтың құрылымын құрайды. Қағидаттарда оның элементтерінің
логикалық байланысы көрініс табады. Қағидаттар қылмыстық құқықта ажырамас, біріктіруші мәні
бар және оның жүйесінің жетекші негізі болып табылады. Қылмыстық құқық бұзушылықтарды
жасау нәтижесінде қалыптасатын қылмыстық-құқықтық реттеу жүйесінде қылмыстық құқықтың
қағидаттары ерекше орын алады. Бұл қағидаттар құқықтағы пайда болу табиғаты жағынан
қылмыстық құқықтың міндеттерін сапалы және тиімді жүзеге асырудағы ішкі бірлікті, логикалық
құрылымды қамтамасыз етуге бағытталған. Қолданыстағы құқықтық жағдай бүгінде қылмыстық
құқық қағидаттарының маңыздылығы туралы түсінік жоқ екенін көрсетеді. Қылмыстық құқық
қағидаттары мәселесіне баса назар аудармау олардың заңнамалық деңгейде бекітілмеуінде,
қағидаттар құқық саласында нақты жүзеге асырылып, қажетті міндеттерді шешуге негізгі алға
тартар ережелер бола алады. Авторлардың пікірінше Қазақстан Республикасының Қылмыстық
кодексіне қылмыстық заңнаманың қағидаттарын енгізу өзекті және перспективалы болып
табылады. Қылмыстық құқықтың қағидаларын қылмыстық заңда белгілеу арқылы сот тергеу
тәжірибесін жетілдіруге болатыны сөзсіз.
Түйін сөздер: қылмыстық саясат, қылмыстық заң, заңдылық қағидаты, азаматтардың заң мен
сот алдындағы теңдігі қағидаты, кінәлі жауаптылық қағидаты, әділдік қағидаты, ізгілік қағидаты.
