Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту мәселелері
Аңдатпа
Тиісті мақалада Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің реттелуі мен оны дамыту мәселелері қарастырылған. Тиісінше, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне анықтама беріліп, оның ҚР конституциялық заңнамасында реттелу күйі сараланды, тұрғын халықтың жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру нысандарының конституциялық бекітілуі қарастырылды. Жалпы, азаматтардың тікелей ерік білдіру нысандарының түрлері сан алуан болуы мүмкін. Мысалы оған жергілікті сайлау, жергілікті референдум, азаматтар жиналысы немесе жиыны, кері шақырып алу, халықтық құқықшығармашылық бастама, т.с.с жатады. 2001 жылғы «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы заңнамада жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің, яғни жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру нысандарының реттелуіне көз салсақ онда жергілікті өзін-өзі басқарудың тікелей нысандарынан жергілікті қоғамдастық жиыны мен жергілікті қоғамдастық жиналысы (азаматтар жиыны) ғана анықталған.
Түйін сөздер: тікелей демократия, жергілікті мемлекеттік басқару, жергілікті өзін-өзі басқару, муниципалдық билік, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі, жергілікті сайлау, жергілікті референдум, кері шақырып алу, халықтық құқықшығармашылық бастама, жергілікті өзін-өзі басқару органдары.
