ҚАЗАҚСТАН МАРКЕТПЛЕЙСТЕРІНДЕГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘЛІМДЕМЕЛЕР ҮШІН САТУШЫ МЕН САУДА АЛАҢЫНЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ: KASPI.KZ МЫСАЛЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТАЛДАУ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ200411926Аңдатпа
Маркетплейстер Қазақстандағы бөлшек электрондық сауданың негізгі арнасына айналды. «Эко», «био» және «биоыдырайтын» деген белгілер тауар карточкаларында жиі кездеседі, алайда тұтынушы мұндай мәлімдемелерді тауарды сатып алғанға дейін де, одан кейін де өз бетінше тексере алмайды. Мақаланың мақсаты – Қазақстан Республикасының құқығы экологиялық мәлімдемелер үшін жауапкершілікті сатушы, сауда алаңы және дайындаушы арасында қалай бөлетінін анықтау және осы реттеудегі олқылықтарды жою жолдарын ұсыну. Зерттеу азаматтық, тұтынушылық, сауда, жарнама, экология, бәсекелестік, цифрлық және процестік заңнама нормаларын, сондай-ақ жетекші отандық алаң Kaspi.kz-тің шарттық құжаттарын қамтиды. Формальды-құқықтық талдауда ЕО мен Ресейдің платформалар жауапкершілігі жөніндегі нормалары, сондай-ақ ЕО мен Ұлыбританияның экологиялық мәлімдемелерді реттеу тәсілдері ескерілді. Kaspi.kz мысалында сатушылармен жасалатын шарт, Дүкенмен жұмыс істеу қағидалары және тапсырысты өңдеу жөніндегі нұсқаулық зерделенді. 2026 жылғы қарашада іздеу нәтижелері мен тауар карточкаларындағы экологиялық белгілер тіркеліп, кодталды. Талдау тиісті нормалардың өзара үйлестірілмегенін көрсетті. Карточкадағы нақты экологиялық мәлімдеме тауар сипаттамасына кіреді, алайда тауар құрамын сатып алғанға дейін онлайн көрсету міндеті көзделмеген. Өз бетінше мәлімделетін экологиялық мәлімдемелер туралы стандарт сауданы реттейтін нормалармен байланыстырылмаған. Алаң карточкаларды бақылайды, оларды редакциялауға құқылы және сүзгілерінде «экобылғары» атауын материалдың стандартты мәні ретінде қолданады, бірақ ақпараттың анықтығы үшін жауапкершілікті сатушыларға жүктейді. Сатып алу сәтіндегі карточка нұсқасын сақтау міндеті белгіленбеген. Зерттеудің теориялық маңызы тұтынушы өз бетінше тексере алмайтын қасиеттер туралы экономикалық теорияға және отандық заңнамадағы жарнама беруші мен жарнама таратушының жауапкершілігін бөлуге сүйенген үлгіні ұсынудан көрінеді; мұндай үлгі алаңды бейтарап делдал ретінде жауапкершіліктен босату тәсілінен де, сатушымен ортақ жауапкершілік тәсілінен де ерекшеленіп, алаңды тек мәлімдемеге өзі қосқан үлес үшін жауапты етеді. Практикалық маңызы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң мен Ішкі сауда қағидаларына ұсынылған бес өзгерісте көрінеді: онлайн берілетін міндетті ақпаратқа тауар құрамын енгізу, сауда алаңдарының шарттарындағы таңбалау талаптарын экологиялық мәлімдемелерге қолдану, алаңдарды әрбір экологиялық белгінің дереккөзін көрсетуге міндеттеу, тапсырысқа байланыстырылған карточка нұсқасын үш жыл сақтау және экологиялық мәлімдемелер бойынша шағымдарды қарау тәртібін бекіту.
Түйін сөздер: экологиялық мәлімдемелер, гринвошинг, маркетплейстер, тұтынушылардың құқықтарын қорғау.










