ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТЕРГЕУ ИЗОЛЯТОРЛАРЫНДА ЦИФРЛЫҚ БАСҚАРУ ЖҮЙЕЛЕРІН ЕНГІЗУДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ200411326Аңдатпа
Зерттеу Қазақстан Республикасының тергеу изоляторларында цифрлық басқару жүйелерін енгізуге қойылатын құқықтық және ұйымдастырушылық талаптарды анықтауға және оларды біріктіретін басқару моделін негіздеуге арналған. Есепке алу, ведомствоаралық ақпарат алмасу және басқарушылық шешімдерді орындау бір құқықтық процестің кезеңдері ретінде зерттеледі, өйткені жекелеген ақпараттық жүйені орнату деректердің дұрыстығына, өкілеттіктердің бөлінуіне және қамаудағы адамдардың құқықтарын қорғауға кепілдік бермейді. Формальды-құқықтық, салыстырмалы-құқықтық әдістер және ғылыми жарияланымдар мен ресми құжаттарды мазмұндық талдау әдісі қолданылды. Материал ретінде ұлттық заңнама, Нельсон Мандела ережелері мен Еуропалық түрме ережелері, мемлекеттік органдардың ресми деректері және цифрлық басқаруға арналған отандық әрі шетелдік еңбектер алынды. Техникалық интеграция цифрлық басқарудың шарттарының бірі ғана екені көрсетілді, оны деректерді тексеру, қолжетімділікті шектеу және жауапты қызметкерлердің әрекеттерін бақылау рәсімдері толықтыруға тиіс. Бес құрамдастан тұратын модель ұсынылды: құқықтық негіз, деректердің ортақ сипаттамасы, қолжетімділікті басқару, шешімдердің орындалуын бақылау және тәуелсіз тексеру. Ұсыныстарды ведомстволық нормативтік құқықтық актілер мен ішкі рәсімдерді жетілдіруде және пилоттық жобаларды бағалауда пайдалануға болады. Зерттеу ашық құжаттарға сүйенеді, мекемелерде техникалық аудит, сауалнама және пилоттық эксперимент жүргізілген жоқ, сондықтан модельдің тиімділігі эмпирикалық тексеруді талап етеді. Тергеу изоляторларын цифрландыру құқықтық кепілдіктер ақпараттық және ұйымдастырушылық талаптармен ұштасатын жеке басқару мәселесі ретінде зерттелді.
Түйін сөздер: тергеу изоляторы, цифрлық басқару, құқықтық реттеу, ақпараттық қауіпсіздік, дербес деректер.










