ҚЫТАЙ МЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРГАНИКАЛЫҚ СЕРТИФИКАТТАУ РЕЖИМДЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҮЙЛЕСІМДІЛІГІ: ТАНУДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ТЕТІКТЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ204111626Аңдатпа
Қазақстанда берілген органикалық сертификат Қытайда танылмайды: Қытай құқығы шетелдік сертификаттау жүйесін тек мемлекетаралық уағдаластық негізінде тануға жол береді, ал мұндай жалғыз уағдаластық Жаңа Зеландиямен жасалған. Зерттеудің мақсаты – екі мемлекеттің бірінде расталған органикалық мәртебе екіншісінде қайта сертификаттаусыз танылуы мүмкін болатын халықаралық-құқықтық шарттарды анықтау. Зерттеу ДСҰ-ның Саудадағы техникалық кедергілер туралы келісімін, ЕАЭО мен ҚХР арасындағы 2018 жылғы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді, Codex CAC/GL 32-1999 нұсқаулығын және ISO/IEC 17065 стандартын формальды-заңдық талдауды Қытайдың GB/T 19630-2019 стандартын, Органикалық өнімді сертификаттауды басқару жөніндегі шараларын және 2026 жылғы Сертификаттауды іске асыру қағидаларын (CNCA-ның 2025 жылғы № 18 хабарландыруы), сондай-ақ Қазақстанның № 89-VIII Заңы мен 2024 жылғы № 385 Қағидаларын функционалдық салыстырумен ұштастырады. Нәтижелер органикалық мәртебенің Санитариялық және фитосанитариялық шаралар туралы келісімге емес, Саудадағы техникалық кедергілер туралы келісімге жататынын; екі мемлекеттің өндірістік талаптары негізгі тыйымдар мен бақылау тетіктері бойынша сәйкес келгенімен, таңбалау мен импорт режимінде ерекшеленетінін; ЕАЭО–ҚХР келісімі мен аккредиттеу саласындағы көпжақты келісімдер ынтымақтастық арналарын құрғанымен, тануға негіз болмайтынын көрсетеді. Зерттеудің бірегейлігі басқарылатын өзара тану теориясын ЕАЭО мен ҚХР қатынастарындағы органикалық сертификаттауға қолдануында және құқықтық үйлесімділіктің үш деңгейлі моделі мен оны іске асыру шараларын негіздеуінде: № 385 Қағидаларда баламалылық өлшемдерін белгілеу, аккредиттеудің мамандандырылған саласын бөлу және ЕАЭО–ҚХР келісімінің 4-тарауындағы тетіктер арқылы дайындалған өтінішпен CNCA-ға жүгіну.
Түйін сөздер: органикалық өнім; Саудадағы техникалық кедергілер туралы келісім; сәйкестікті бағалау; өзара тану; органикалық сертификат.










