ОРГАНИКАЛЫҚ ӨНІМ ӨНДІРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ АЙНАЛЫМЫ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ ҚАҒИДАТТАРЫ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ119320261Аңдатпа
Ғылыми мақала Қазақстан Республикасындағы органикалық өнімді өндіру мен айналымын құқықтық реттеу мәселелеріне, атап айтқанда, осы саладағы заңнаманың қағидаттарына арналған. 2024 жылғы 10 маусымда қабылданған Қазақстан Республикасының «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» Заңында бар болғаны екі қағидат бекітілген. Алайда заңның және онымен байланысты заңнаманың мазмұнын талдау құқық қолдану барысында туындайтын нақты жағдайларды неғұрлым толық реттеу және құқықтағы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында бірқатар қағидаттарды заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігін көрсетеді. Таңдалған тақырып аясындағы ғылыми зерттеудің негізгі бағыттары органикалық өнімді өндіру мен оның айналымы саласындағы қағидаттардың құқықтық нормаларда бекітілуін, сондай-ақ олардың ұғымы мен мазмұнына қатысты ғылыми көзқарастарды талдауға бағытталған. Жұмыстың ғылыми және практикалық маңызы органикалық өнімді өндіру мен оның айналымын құқықтық реттеу институтын дамытуда және осы саладағы Қазақстан заңнамасындағы олқылықтардың орнын толтыруда көрінеді. Зерттеу жұмысының әдіснамалық негізін жалпы ғылыми және арнайы құқықтық тәсілдердің өзара сабақтастығы құрайды. Зерттеу барысында талдау мен синтез, индуктивтік және дедуктивтік пайымдау, формальды-заңдық, жүйелік-құрылымдық, логикалық-құқықтық және салыстырмалы-құқықтық әдістер пайдаланылды. Зерттеу нәтижесінде органикалық өнім өндіру саласына қатысты негізгі ғылыми тұжырымдар қалыптастырылды және оның айналымы саласындағы қағидаттардың авторлық жіктемесі ұсынылды. Зерттеудің құндылығы органикалық өндірісті құқықтық реттеу теориясын дамытуға қосқан үлесінде жатыр. Зерттеу жұмысының қорытындылары практикалық мәнге ие және Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру үдерісінде заң шығарушы тарапынан пайдаланылуы мүмкін.
Түйін сөздер: агроөнеркәсіптік кешен, табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өсімдіктері, орнықты басқару жүйесі.










