Еуропалық Одақтың негізгі құқықтар туралы Хартиясының саяси-құқықтық маңызы
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ.2023.v105.i1.02Аннотация
Еуропалық Одақтың заңи кеңістігі жалпы алғанда осы ұйымның құқығы нормаларының таралу шегін білдіреді. Одақтың негізгі құқықтар туралы Хартиясының оның заңи кеңістігіндегі саяси-құқықтық маңызы аталған құжат ережелерінің таралу шегіне қатысты заңи күші мен жүзеге асырылу жағдайынан туындайды. Демек, Еуропалық Одақтың негізгі құқықтар туралы Хартиясының оның негізінде әрекет етуші құрылымының қызметін реттеу және қадағалау саласындағы рөлі Хартияның ЕО-ның заңи кеңістігіндегі жаңа саяси-құқықтық маңызымен (міндетті заңи күшке ие болуымен) анықталады. Дегенмен, уақыт өте келе осы салада іргелі зерттеулердің болғанына қарамастан және Қазақстанның Еуропалық Одақ мемлекеттерімен адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау бойынша халықаралық ынтымақтастығына қатысу тақырыбына арналған әдебиеттерді, ғылыми мақалалаларды талдау нәтижесінде бұл тақырып отандық заң ғылымында жеткілікті түрде зерттелмегендігі мәлім. Осы айтылғандар, әрине бұл тақырыптың өзектілігін айқындайтын маңызды факторлар болып табылады. Мақаланың негізгі мақсаты болып Еуропалық Одақтың негізгі құқықтар туралы Хартиясының адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау жүйесіндегі орны мен маңызын дәлелдеу табылады. Мақалада Еуропалық Одақтың негізгі құқықтар туралы Хартиясы, оның жүзеге асырылу жағдайы мен болашағына қатысты кейбір өзекті саяси-құқықтық мәселелер сараланған. Мақалада сондай-ақ Қазақстан Республикасының аталмыш Хартия бойынша Еуропалық Одақтың серіктесі ретінде тиісті халықаралық-құқықтық міндеттемелер алу мәселесінің шынайы және ықтимал тұстары қарастырылады. Мақалада берілген қорытындылар Еуропалық Одақтың негізгі құқықтар туралы Хартиясының тәжірибе жүзінде іске асырылуындақолданылуы мүмкін. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерді орындау барысында ескерілуі мүмкін.
Түйін сөздер: Хартия, келісім, халықаралық ұйым, мүше-мемлекеттер, серіктес-мемлекеттер, еуропалық құқық.