Қазақстан Республикасындағы дауларды шешудің баламалы тәсілі ретінде медиацияның дамуының кейбір мәселелері
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ.2022.v104.i4.02Аннотация
Қазіргі қазақстандық қоғамда құқықтық сипаттағы дауларға тән конфликтілі жағдайдың жоғары деңгейі байқалады. Осыған байланысты дауларды дәстүрлі жарыспалы сипаттағы сот әділдігі көмегімен шешу құқықтық конфликтілердің одан әрі шиеленісіп, жалпы тараптардың қарым-қатынастарының мүлдем тоқтауына әсер етеді. Бүгінде мемлекеттік сот жүйесіндегі мәселелер материалдық және моральдық игіліктердің елеулі түрде шығындарға ұшырауына алып келеді. Әдеттегідей нәтижесінде тараптардың бірі шығарылған сот шешіміне қанағаттанбай, әрі қарай сот шешімінің орындалуына қиындықтар туындататын жағдайлар орын алуы мүмкін. Аталған жағдайларға байланысты салыстырмалы түрде жаңа құқықтық институт болып табылатын медиация институтына жүгіну мүмкіндігі туындайды.
Медиация- бейтарап, дауды шешуде тараптардың мүддесін көздемейтін, тараптарға дау бойынша белгілі-бір келісімге келуге көмектесетін үшінші тұлғаның – медиатордың қатысуымен болатын және тараптар дауларды реттеу бойынша шешімнің қабылдану үдерістері мен оның шешілу талаптарын толықтай бақылай алатын дауды шешудің балама әдісі (ағылш. alternative dispute resolution, ADR) болып табылады.
Мақалада дауды шешудің балама әдісі ретінде Қазақстандағы медиация институтының даму мәселелері қарастырылады. Медиация институтының тиісті деңгейде дамымау себептеріне байланысты ғалым заңгерлердің пікірлері талданып, дауды шешудің балама әдісін енгізу мен дамыту бойынша Қытай, Германия, Грузия, Сингапур тәжірибесін салыстыра отырып Қазақстандағы медиацияның дамуына кедергі келтіретін факторлар анықталады. Аталған жайттарды саралау үшін медиация институтын зерттеп жүрген ғалымдардың ғылыми еңбектері мен бірқатар шет мемлекеттерінің медиация туралы заңдары мен ғылыми еңбектеріне шолу жасалып, салыстырмалы талдау жасалды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының медиация туралы қазақстандықтар не білетіндігі туралы жүргізген әлеуметтанулық сауалнаманың нәтижелеріне сәйкес қорытынды жасалды.
Мақаланың әдіснамалық негізін талдау, синтез, салыстырмалы-құқықтық, логикалық-құқықтық, тарихи, статистикалық әдістері құрайды.
Түйін сөздер: медиация институты, медиатор, дауларды шешудің балама әдістері, медиация рәсімі, даулар, еріктілік, құпиялылық.