Жаханша Досмұхамедов – қазақ өлкесіндегі өркениеттің негізін қалаушы
DOI:
https://doi.org/10.26577/JAPJ.2020.v93.i1.03Аңдатпа
Азаматтық құқықтың дербес құқық саласы ретінде пайда болуы мен дамуы тауар-ақша
қатынастарының дамуымен байланысты болды және алғаш рет ежелгі Римде дамыды. Рим
құқығы әдет-ғұрып құқығы негізінде, сондай-ақ мүліктік дауларды шешетін магистрлердің сот
практикасы негізінде қалыптасты. Демек, қазіргі заманғы азаматтық құқықтың негізгі ережелері
алғаш рет Рим құқығында қалыптасты. Ресей империясындағы тауар-ақша қатынастарының
қарқынды дамуы азаматтық ойдың дамуына күшті серпін берді. Революцияға дейінгі
Ресейдегі азаматтық-құқық ғылымының жоғары деңгейі Қазақ өлкесінде азаматтық құқықтың
қалыптасуына әсер етті. Көрнекті қоғамдық-саяси қайраткер, кәсіби заңгер, Алаш көсемдерінің
бірі, Алаш-Орданың Батыс бөлімшесінің жетекшісі Жаханша Досмұхамедов қазіргі Қазақстан
территориясындағы азаматтық ойдың дамуының басында болды. Оның саяси-құқықтық
көзқарастары қазақ зиялыларының прогрессивті идеяларының, XIX-XX ғасырлардағы орыс
қоғамдық-саяси ойларының, батыс ойшылдары мен заңгерлерінің әсерімен қалыптасты. Аталмыш
мақалада автор Жаханша Досмұхамедовтің Қазақ өлкесіндегі азаматтық құқықты қалыптастыру
мен дамытудағы цивилист ретіндегі рөлін тұңғыш рет қарастырады. Сонымен қатар автор оның
саяси және құқықтық көзқарастарының негізгі кезеңдерін анықтап береді.
Түйін сөздер: мемлекет, заңнама, азаматтық құқық, азаматтық-құқықтық қатынастар,
келісім-шарт құқығы, саясат, құқық, автономия, республика, заңдылық.
